Қазақстан PATA Travel Mart туристік көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды

680

PATA Travel Mart 2019 Халықаралық туристік көрмесі Орта-Азия аумағында, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет өткізілмек.

Қазақстан PATA Travel Mart туристік көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды

Биылғы жылдың 18-20 қыркүйегінде елордамызда Азия-Тынық мұхиты туризм қауымдастығының (Pacific Asia Travel Association – PATA) қамқорлығындағы PATA Travel Mart халықаралық туристік көрмесі өтеді, деп хабарлайды silteme.kz.

Бүгін Ташкентте Өзбекстанның туризмін дамыту жөніндегі мемлекеттік комитетінің қолдауымен "Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясының өкілдері өзбек туристік компаниялары үшін көрме тұсаукесерін ұйымдастырды.

"Нұр-Сұлтан қаласының Азияның ірі қалаларымен өзара бәсекелесе отырып осы көрмені өткізу құқығын жеңіп алғаны – біздің елордамыздың өңірдегі іскерлік және оқиғалы туризм орталығы ретіндегі мәртебесін растап отыр. Бұл таныстырылымға  әлемдегі 1000-ға жуық қауымдастықтың мүшелері келмекші, оның ішінде Азия мен Еуропа елдерінен біздің мақсатты нарықтарымызға айналған жұртшылық өкілдері ат басын бұрмақ. Жалпы алғанда, Қазақстанға ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия аймағына осы нарықтардағы туристер тарапынан қызығушылық арта түседі деп сенеміз", – деп атап өтті "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов.

Көрме жыл сайын PATA-ның қамқорлығымен 1978 жылдан бері 44 қалада өткізіліп, 40 мыңнан астам делегат қатысқан. Соңғы он жыл ішінде көрмені Макао (2010, 2017), Дели (2011), Манила (2012), Чэнду (2013), Пномпень (2014), Бангалор (2015), Джакарта (2016), Лангкави (2018) қалалары қабылдаған.

Мысалы, өткен жылы көрме 12-14 қыркүйек аралығында Малайзияның Лангкави аралында өтті. Оған әлемнің 33 елінен 389 экспонентері қатысты. Сондай-ақ, іс-шараға 241 ұйымнан 252 туроператор қатысыпты.

Айта кетсек, PATA – ЮНВТО Бүкіләлемдік туристік ұйымынан кейінгі екінші ірі туристік ассоциация. Қауымдастық Азия-Тынық мұхиты бағытын дамыту, ілгерілету және ықпал ету үшін 1951 жылы құрылған және 34 елде өкілдік етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу