Қазақстан Physical AI саласындағы әлемдік орталыққа айналуды көздейді

250

Қазақстан мен NVIDIA Physical AI технологияларын дамытуда жаңа кезеңге қадам басып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан Physical AI саласындағы әлемдік орталыққа айналуды көздейді Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг пен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев еліміздің энергетикалық мүмкіндіктерін, өнеркәсіптік әлеуеті мен есептеу инфрақұрылымын жаңа буын экономикасын дамытуға пайдалану мәселелерін талқылады.

Кездесу Алматыдағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өтті. Ашық пікір алмасу барысында жасанды интеллекттің әлемдік экономикаға ықпалы, Қазақстанда озық технологияларды дамыту және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті отандық компанияларды қалыптастыру жолдары сөз болды.

Қазақстанның стратегиялық мақсаты – нақты әлемдегі роботтарды, автономды көліктер мен өндірістік жүйелерді басқаруға арналған Physical AI, яғни физикалық жасанды интеллект бағытында әлемдік орталықтардың біріне айналу.

Дженсен Хуангтың айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні ұлттық басымдық ретінде белгілеген елдердің қатарында. Оның пікірінше, бұл технология мемлекеттердің экономикалық дамуына серпін беріп, адамдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, компаниялардың халықаралық нарыққа шығуына жол ашады.

"Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Президентіңіз жасанды интеллектті дамытуды ұлттық басымдық деп жариялады. Бұл технология елдің жаңа деңгейге көтерілуіне және компаниялардың жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті болуына көмектеседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды AI-ұлтқа айналдыру секілді өршіл мақсат қойды", – деді Дженсен Хуанг.

Ол жасанды интеллекттің ғалымдар мен инженерлерге де жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Мәселен, зерттеушілер ЖИ-көмекшілер арқылы ауқымды зерттеулер жүргізсе, инженерлер күрделі міндеттерді шешудің тиімді жолдарын таба алады.

Дженсен Хуангтың сапары Қазақстан үшін неліктен маңызды?

Дженсен Хуанг – әлемдік жасанды интеллект индустриясының дамуына ықпал етіп отырған жетекші тұлғалардың бірі. NVIDIA компаниясын 33 жыл бойы басқарып келе жатқан ол графикалық процессорлар өндірушісін жасанды интеллектке арналған есептеу инфрақұрылымының негізгі жеткізушілерінің біріне айналдырды.

NVIDIA тарихта нарықтық капитализациясы 4 трлн және 5 трлн АҚШ долларынан асқан алғашқы компания болды. 2026 жылдың қазан айының басында оның нарықтық құны шамамен 5,8 трлн долларға жетті. Компанияның технологиялары ChatGPT секілді жасанды интеллект жүйелерінде, ірі бұлттық платформаларда және түрлі елдердің ұлттық ЖИ бағдарламаларында қолданылады.

Хуанг жасанды интеллекттің дамуын жаңа өнеркәсіптік революциямен байланыстырады. Оның пайымдауынша, болашақ экономикада электр энергиясы мен азық-түлік өндірумен қатар, есептеу ресурстарының көмегімен интеллект қалыптастырудың маңызы артады.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға жоғары деңгейдегі технологиялық серіктестердің қызығушылық танытуы еліміздің тек дайын шешімдерді сатып алушы нарық емес, әлемдік жасанды интеллект экожүйесінің белсенді қатысушысы болуға ұмтылатынын көрсетеді.

Қазақстан бұл бағыттағы жұмыстарын мемлекеттік деңгейде де күшейтіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан" атты Жолдауында үш жыл ішінде елді толық цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Президент жанындағы Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңеске Кай-Фу Ли, Питер Норвиг және Джон Хопкрофт секілді халықаралық деңгейде танылған сарапшылар кірді.

Хуанг Қазақстанның табиғи ресурстары мен өнеркәсіптік әлеуетін Physical AI технологияларын дамытуға қолайлы мүмкіндік ретінде бағалады.

"Қазақстан AI-ұлтқа айналуды мақсат етіп отыр. Жасанды интеллекттің мүмкіндіктері когнитивтік міндеттермен шектелмейді, ол физикалық әлемді де қамтиды. Бұл – ауқымды бағыттардың бірі, өйткені айналамыздағы әлемді түсіну және онымен әрекеттесу маңызды рөл атқарады. Қазақстанда мұндай технологияларды енгізуге қолайлы салалар бар. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібі, табиғи ресурстарды игеру және ауыл шаруашылығы Physical AI дамуының келесі кезеңінен айтарлықтай пайда көре алады. Бұл елге болашақ технологияларын қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік береді", – деді NVIDIA басшысы.

Өз кезегінде Жаслан Мәдиев Қазақстанның осы бағыттағы жоспарларына тоқталды.

"Қазақстан Physical AI саласындағы әлемдік орталықтардың біріне айналуды көздейді. Осы мақсатқа жету үшін қажетті инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып жатырмыз. Есептеу қуаттарын арттырып, мамандар даярлауға инвестиция салып, жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторына енгізуге жағдай жасаудамыз.

NVIDIA компаниясымен ынтымақтастық өнеркәсіпте, энергетикада, көлік саласында және робототехникада озық технологияларды қолдануға жол ашады. Біз дайын шешімдерді пайдаланумен шектелмей, Қазақстанда халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өз технологияларымызды дамытуды мақсат етеміз", – деді министр.

Есептеу инфрақұрылымы және отандық ЖИ модельдері

Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға қажетті есептеу инфрақұрылымы қалыптасып келеді. NVIDIA H200 графикалық процессорларына негізделген Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері әлемдегі үздік 100 суперкомпьютердің қатарына енді. Алматыда AI-Farabium есептеу кешені де жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, еліміздің ірі энергетикалық орталықтарының бірі Екібастұзда Data Center Valley деректер орталықтары кластері дамып жатыр. Оның бастапқы жоспарланған қуаты шамамен 300 МВт болса, болашақта бұл көрсеткішті 1 ГВт-қа дейін арттыру көзделген.

Жаңа энергетикалық қуаттар іске қосылған жағдайда жасанды интеллект инфрақұрылымының жалпы қуатын 5 ГВт-қа дейін жеткізу мүмкіндігін де қарастыруға болады. Себебі жаңа экономикада электр энергиясы мен есептеу ресурстарының үйлесімі стратегиялық артықшылыққа айналып отыр.

Мұндай инфрақұрылым елге күрделі есептеулер жүргізіп, өз технологияларын әзірлеуге және жасанды интеллект саласындағы тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Ұлттық технологияларды дамытуда қазақ тілі мен елдің мәдени ерекшеліктерін ескеру де маңызды. Дженсен Хуанг әр мемлекетке өзінің тілдік және мәдени деректерін ұлттық жасанды интеллект модельдеріне енгізуге басымдық беруді ұсынады. Қазақстанда да үлкен және шағын тілдік модельдерді әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Physical AI – өнеркәсіпті өзгертетін жаңа технология

Генеративті жасанды интеллект мәтін, сурет және бағдарламалық код жасауға бағытталса, Physical AI нақты физикалық ортада жұмыс істейтін жүйелерді басқаруға мүмкіндік береді. Оның көмегімен роботтар, ұшқышсыз көліктер және автоматтандырылған өндірістік кешендер жұмыс істей алады.

"Робототехника дәуірі келді. Физикалық жасанды интеллект дәуірі де басталды", – деп атап өтті Дженсен Хуанг.

NVIDIA әзірлемелерінің маңызды бағыттарының бірі – кәсіпорындардың цифрлық егіздерін жасау. Бұл технология өндірістік нысанның виртуалды көшірмесін құрып, нақты жұмыс процесіне өзгеріс енгізбестен бұрын түрлі сценарийлерді модельдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ роботтарды виртуалды ортада үйретіп, олардың жұмысын алдын ала тексеруге болады.

Мәселен, Тайваньдық электроника өндірушісі Wistron цифрлық егіз технологиясын пайдалану арқылы зауытты іске қосу мерзімін әдеттегі бес айдан екі жарым айға дейін қысқартқан.

Қазақстанның тау-кен және металлургия кәсіпорындары, энергетикалық нысандары мен көлік инфрақұрылымы осындай технологияларды әзірлеп, сынақтан өткізуге арналған алаңға айнала алады.

Кездесу барысында Physical AI бағытында жұмыс істейтін халықаралық әзірлеушілерді Қазақстанның нақты өндірістік жағдайында технологияларды сынауға тарту мүмкіндігі де қарастырылды.

Өнеркәсіптік нысандардың, салалық деректердің, есептеу ресурстарының және білікті инженерлердің бір елде шоғырлануы робототехника мен автономды жүйелерді әзірлеуге қолайлы орта қалыптастырады. Бұл Қазақстанға жаңа технологияларды енгізумен қатар, оларды дамыту мен сынақтан өткізуге арналған халықаралық орталық құруға мүмкіндік беруі мүмкін.

Хуангтың айтуынша, Physical AI роботтарды басқарумен ғана шектелмейді. Бұл технологиялар сейсмикалық зерттеулерде, шахталар мен ұңғымаларды картаға түсіруде, геологияда, материалтануда және химиялық өңдеу процестерінде де қолданылады.

"Жасанды интеллект аталған салалардың әрқайсысын түбегейлі өзгерте алады. Пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеуден бастап жаңа материалдарды әзірлеуге дейін Physical AI жаңа мүмкіндіктер ашады", – деді NVIDIA негізін қалаушы.

Қазақстан үшін бұл бағыттың маңызы зор. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, өндіріс қауіпсіздігін арттыру, шығындарды азайту және өнеркәсіпті автоматтандыру арқылы ел жаңа технологиялық экономиканың дамуына белсенді қатыса алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу