Польша туристері мен бизнес өкілдері үшін визалық режимнің жеңілдеуі мен Астанада өткен халықаралық ЕХРО көрмесі елімізге Еуропа туристерінің артуына тікелей ықпал етіп отыр, деп хабарлайды 24kz.
Поляк әуетасымалдаушы компанияның берген мәліметі бойынша, көрме кезінде Астанаға ай сайын орта есеппен алты мыңға жуық поляк азаматы ұшып келген. Поляк туристері ғана емес, Еуропа кәсіпкерлері Қазақстанға инвестиция тартуға ықыластық танытқан.
Қазақ жерінде өткен халықаралық ЕХРО көрмесіне Польша тарапы белсенділікпен қатысқаны белгілі. Поляк азаматтарын Астанадағы көрме емес, Қазақстанның табиғаты да ерекше қызықтырып отыр. Көрме барысында поляк әуекемесінің Варшава-Астана бағытындағы жүктемесі 90 пайызға жетіп, ай сайын біздің елге ұшатын туристердің саны 5-6 мыңнан асып отырған.
"Қазақстанға құйылған поляк инвестициясы 250 млн АҚШ долларынан асып кетті. Фармацевтикасы және жиһаздан, сіздер білесіздер, әлемде Польша үшінші-төртінші орындар алады. Бұлар жылына 12 млрд еуроға жиһаз шығарады. Машина, химия, фармацевтика тауарлары өте мықты.
Әлемде жиһаз өндіру бойынша мықты бестікке кіретін Польша алдағы уақытта Қазақстанға келіп, осы сала бойынша біріккен кәсіпорын ашуға ықыластық танытқан. Жоспар жүзеге асатын болса, екі елдің байланысы одан сайын беки түсетіні белгілі", - деді ҚР Польшадағы төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан.