Қазақстан порттарының теңіз әкімшілігі кемелерге 231 тексеру жүргізді

Кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көліктік бақылаудың аумақтық инспекциялары өзен кемелеріне 469 тексеру жасап, соның нәтижесінде 47 нұсқама берілді. 

Қазақстан порттарының теңіз әкімшілігі кемелерге 231 тексеру жүргізді Фото: pixabay.com

Бақылау мен қадағалауды жүргізу тиімділігін арттыру мақсатында, Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті 2023 жылға арналған флоттағы апаттылықтың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген болатын. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл жоспар су көлігіндегі қызметтің барлық негізгі бағыттарын қамтитын шаралар кешенін қамтиды. Оның ішінде кемелерді тексеру, кеме қатынасы су жолдарын тексеру, заңнама талаптарын бұзушылықтардың алдын алу бойынша сала субъектілерімен профилактикалық жұмыс және қызметтік флотты пайдалану бар.

"Аталған іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін Ақтау, Құрық және Баутино теңіз порттарында Комитеттің аумақтық органы – Қазақстан Республикасы порттарының теңіз әкімшілігі теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында теңіз кемелеріне 231 тексеру жүргізді. Оның ішінде, Қазақстан туының астында жүзетін кемелерде 94 тексеру және шет мемлекеттердің туының астында 137 тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша, қауіпсіздік талаптарын бұзушылықтарды жою бойынша 19 ұйғарым берілді", –  делінген баспасөз хабарламада.

Жалпы, Қазақстанда кеме қатынасы су жолдарының ұзындығы 2104 шақырымды құрайды. 2023 жылғы навигацияға көліктік бақылау инспекциялары навигациялық белгілердің бар-жоғын және кеме жүрісінің кепілді тереңдігін тексеру мақсатында 5527 км кеме қатынасы су жолдарын қарады.

Сондай-ақ, шағын көлемді флоттың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін Комитеттің аумақтық органдары шағын көлемді кемелер бойынша 3933 тексеру жұмыстарын жүргізді.

Бұдан бөлек, су көлігіндегі бақылау-қадағалау қызметінің қорытындысы бойынша 2023 жылы 944 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 10 миллион 336 мың теңге сомасына айыппұл салынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу