Қазақстан президенті ЕАЭО банктерін АХҚО-ға шақырды

707

Қазақстан президенті ЕАЭО банктерін АХҚО-ға шақырды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы институттарын "Астана" халықаралық қаржы орталығына шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Астанада "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі базасында қаржы, "жасыл" технологиялар және ІТ-стартаптар бойынша үш халықаралық орталықтың құрылатындығын айтты.

"Осылайша, бүкіл көрме кешені мұнан әрі инновациялық тұрақты даму міндеттеріне қызмет ететін болады. Осыған орай, мыналарды ұсынамын. Біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің қаржы институттарын 4 шілде күні ашылатын "Астана" халықаралық қаржы орталығының мүмкіншіліктерін пайдалануға шақырамын. Екіншіден, ЭКСПО аумағында қосалқы консультативтік-кеңестік органдардың, іскерлік кеңестердің отырыстарын қоса алғанда ЕАЭО-ның қаржылық блогының іс-шараларын өткізуді ұсынамын", - деді Қазақстан президенті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев цифрлық күнтәртіпті жүзеге асыру аясында алдағы уақытта ашылатын ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі базасында ЕАЭО аясындағы цифрлық жобалар мен бастамаларды басқару кеңсесі жұмысын ұйымдастыруды ұсынды.

"Экспорттық алаңның толыққанды жұмыс істеуі үшін сіздер үшін қажетті барлық жағдай жасалатын болады", - деді мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу