Қазақстан президенті елшілерден сенім грамотасын қабылдады

714

Қазақстан президенті елшілерден сенім грамотасын қабылдады

Қазақстан президенті бірнеше елдің төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамотасын қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Рәсім барысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Швеция корольдігінің, Куба Республикасының, Үндістанның, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама корольдігінің төтенше және өкілетті елшілері сенім грамотасын тапсырды.
Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталумен құттықтап, олардың жауапты әрі мәртебелі миссиялары елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
"Сіздердің жұмыстарыңыз қызықты және жауапты кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Технологиялық революция жаңа сын-қатер әкелумен қатар, кез-келген елдің дамуында серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан Қазақстан халқына "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Жолдауымды жарияладым", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылуды жеделдету үшін қажетті заманауи технологияларды пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде қарастыратын мәселелеріне жан-жақты тоқталып, жаһандық органның барлық мүшелерінің өзара ымыра мен консенсуске келуі үшін белсенді түрде күш жұмылдырудың маңызды екенін айтты.
"Біз таратпау режімін дәйекті түрде нығайту мен кеңейту арқылы ғаламды ядролық қарудан азат ету, сондай-ақ жаһандық соғыс қаупінің алдын алып, оны толық жою үшін әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыра беруге ниеттіміз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында президент дипломаттарды тағы да құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу