Қазақстан Президенті Қатар Мемлекетінің Әмірімен кездесті

267

"Бұл екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан айтулы оқиға болды".

Қазақстан Президенті Қатар Мемлекетінің Әмірімен кездесті Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне қатысуға арнайы келгені және Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдағаны үшін Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге алғыс айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Мемлекет басшысы Қатарды Қазақстанның ең жақын серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, екі елдің мақсаттары ортақ және тілеулес екенін айтты.

– Сіздің еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті екенімізді атап өткім келеді. Менің Дохаға жасаған сапарым туралы жақсы естеліктер қалды. Бұл екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан айтулы оқиға болды. Біз байланыстарымызды стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Менің сапарым барысында өте маңызды құжаттарға қол қойылды. Қазақстан Үкіметі осы келісімдердің табысты жүзеге асырылуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды деп ойлаймын, – деді Президент.

Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Астанаға тағы да келіп, ШЫҰ саммитіне қатысу зор мәртебе екенін айтты.

– Әрине, Дохаға жасаған өте маңызды сапарыңыз есімде. Сіз өзара қарым-қатынасымызды стратегиялық деңгейге көтергенімізді еске салдыңыз. Мен қарым-қатынастарымызды мақтан тұтамын.  Елдеріміз әлі де ауқымды жұмыс атқаруға, соның ішінде экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға тиіс, – деді Қатар Әмірі.

Әңгімелесу барысында тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, көлік-логистикалық, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, энергетика, білім беру, денсаулық сақтау және телекоммуникация салаларындағы екіжақты байланыстарды нығайту перспективаларын талқылады. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу