Қазақстан Президенті Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында лекция оқыды

850

Мемлекет басшысы қазақ-қытай қатынастарының қалыптасу тарихына егжей-тегжейлі тоқталып, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық іс-қимылдар мен инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттарын белгілеп берді. 

Қазақстан Президенті Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында лекция оқыды

Мемлекет басшысы Академия профессорлары мен сарапшыларының және қазақстандық студенттердің алдында сөйлеген сөзінде қоғамдық ғылымдардың кез келген мемлекеттің даму бағдарын айқындауға елеулі үлес қосатынын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Қытай Қоғамдық ғылымдар Академиясы – мемлекеттік маңызы ерекше құрылым. Академияның зерттеу орталықтары мен институттары әлемдік ғылыми ой-пікірді дамытуға зор үлес қосып келеді. Қытай Қоғамдық ғылымдар Академиясында біздің елімізді жақсы білетін және қазақ тілін меңгерген сарапшылардың бар екенін ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Академия ғалымдарының ой-пікірлері мен ұсыныстары өзара тиімді ықпалдастығымызды одан әрі арттыруға ықпал етеді деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Қытай тарихында ортақ дүниелер көп екенін айтты. Оның сөзінше, екі халықты өркендеу рухы мен алға қарай ұмтылыс жақындата түседі.

"Осыдан 40 жыл бұрын Қытай басшылығы мен Қытай халқы дана шешімдер қабылдап, ауқымды жаңғыртулар кезеңіне қадам басты. Сол маңызды өзгерістердің арқасында бүгінде Қытай мемлекеті әлемдік дамуда көш бастап тұр. 30 жыл ішінде Қазақстан да күрделі әрі табысты даму кезеңінен өтті. Еліміз тамыры терең дағдарысты еңсеріп, орнықты даму жолына түсті", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің дипломатиялық қызметін дәл осы Бейжіңде бастағанын айтып, сол кезде ұлы мемлекет қайраткері Дэн Сяопиннің ашықтық пен реформалар саясатына куә болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Президент барлық қатысушыларды Қытай Халық Республикасының 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл тарихи датаның орта деңгейдегі "сяокан" қытай қоғамын құру жолындағы маңызды белес екеніне тоқталды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның жедел жаңғыртулардың арқасында тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қосылғанына назар аударып, еліміздің  даму қарқынын тоқтатпай, тек алға қарай жүре беретінін және 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясын жүзеге асыратынын айтты.

"Ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу – басты мақсатымыз. Біз елімізді дамудың жаңа деңгейіне шығарып, жетістіктерімізді еселеу үшін  ауқымды жұмыс атқаруымыз керек", – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тәуелсіздігін, оның экономикалық әлеуеті мен адами капиталды одан әрі нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру маңызды мақсат екенін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, алдымызда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған мемлекетті жаңғырту бағдарламасын толыққанды жүзеге асыру міндеті тұр. Қазақстан Республикасы халықаралық аренада көршілес мемлекеттермен қатар, ізгі ниетін қолдайтын басқа да елдермен достық қарым-қатынастарды кеңейтуге, өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға мүдделі.

"Қытай – бізге ең жақын әрі Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын алғашқылардың бірі болып мойындаған мемлекеттердің бірі. Сондай-ақ, ядролық держава ретінде Қазақстанға ешқандай талап қоймастан, қауіпсіздік кепілдігін берген де Қытай елі болды. Діни экстремизмге, сепаратизм мен терроризмге, яғни "Үш зұлымдық күшіне" қарсы күрестегі ортақ ұстанымдарымыз Қазақстан-Қытай диалогының одан әрі кеңеюіне ықпал етті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ-қытай қатынастарының қалыптасу тарихына егжей-тегжейлі тоқталып, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық іс-қимылдар мен инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттарын белгілеп берді. Мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу