Қазақстан президенті ТМД-ға мүше елдердің үкімет басшылары кеңесінің мүшелерімен кездесті

801

"ТМД-дағы сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтыр тауар айналымының көлемі 25 пайызға артып, 164 миллиард долларға жетті. Мұндай үрдіс биыл да жалғасын табуда, – деді мемлекет басшысы кездесуде.

Қазақстан президенті ТМД-ға мүше елдердің үкімет басшылары кеңесінің мүшелерімен кездесті

Кездесуге ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Әзербайжан премьер-министрі Н.Мамедов, Беларусь премьер-министрі С.Румас, Қырғыз премьер-министрі М.Абылғазиев, Тәжікстан премьер-министрі К.Расулзода, Өзбекстан премьер-министрі А.Арипов, Ресей үкіметінің төрағасы Д.Медведев, Арменияның бірінші вице-премьері А.Мирзоян, Түрікменстанның министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Г.Мурадов, ТМД-ның атқару комитетінің төрағасы – атқарушы хатшы С.Лебедев қатысты.

Мемлекет басшысы ТМД-ға мүше елдер делегацияларының басшыларына ілтипат білдіріп, Достастық мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайту үшін бүгін өтіп жатқан кеңестің айрықша мәні бар екенін атап өтті.

Қазақстан президенті ТМД елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытудың маңыздылығын айтты.

"Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ТМД іргелі ұйымға айналды. Бұл бірлестік халықтарымыз арасындағы тарихи байланыстарды сақтап қалуға мүмкіндік беріп, әр елдің егемендігін нығайтуға септігін тигізді. Қазіргі кезде Достастық аясындағы өзара ықпалдастықтың маңыздылығы арта түсті. ТМД-дағы сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтыр тауар айналымының көлемі 25 пайызға артып, 164 миллиард долларға жетті. Мұндай үрдіс биыл да жалғасын табуда", – деді мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында Мемлекеттер басшыларының кеңесінде айтылған бастамаларды іске асыру үшін нақты шаралар кешенін әзірлеу қажеттігін айтты.

"Барлық бағыт бойынша тиімді шаралар кешенін әзірлеу – маңызды міндет. Бұл бастамалардың жүзеге асырылуы экономиканың дамуына септігін тигізіп қана қоймайды, сондай-ақ мемлекеттеріміз арасындағы достық әрі тұрақты қарым-қатынастарды нығайтудың маңызды факторына айналады", – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы Д.Медведев баяндама жасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу