Қазақстан президентінің атына шет мемлекеттер мен үкімет басшыларынан, өкілді органдардың депутаттарынан, шетелдердің және Қазақстанның мемлекеттік, қоғамдық және іскерлік ұйымдары жетекшілерінен, зиялы қауым мен дін өкілдерінен, дипломатиялық миссия басшыларынан, сондай-ақ, еңбек ұжымдары мен жекелеген азаматтардан құттықтау хат келіп түсті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Шет мемлекеттер мен үкімет басшыларының құттықтау жеделхатында Елбасының тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен қарқынды дамуындағы, елдің халықаралық аренадағы беделін нығайтудағы рөлі мен жас елордамыз Астананың құрылысына қосқан үлесі айрықша аталған.
Қазақстан президентінің атына Ресей Федерациясының президенті В.Путиннен, ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннен, АҚШ президенті Д.Трамптан, Түркия Республикасының президенті Р.Ердоғаннан, Өзбекстан Республикасының президенті Ш.Мирзиёевтен, Қырғыз Республикасының президенті А.Атамбаевтан, Тәжікстан Республикасының президенті Э.Рахмоннан, Түрікменстан президенті Г.Бердымұхамедовтен, Беларусь Республикасының президенті А.Лукашенкодан, Әзербайжан Республикасының президенті И.Әлиевтен, Армения Республикасының президенті С.Саргсяннан, Украина Президенті П.Порошенкодан, Сербия Республикасының президенті А.Вучичтен, Хорватия Республикасының президенті К.Грабар-Китаровичтен, Италия Республикасының президенті С.Маттарелладан, Латвия Республикасының президенті Р.Вейонистен, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Д.Медведевтен және Венгрия Республикасының премьер-министрі В.Орбаннан құттықтау келді.