Қазақстан ПВХ өнімдерін импорттаушы елден экспорттаушы елге айналады

1428

Қазақстан ПВХ өнімдерін импорттаушы елден экспорттаушы елге айналады

Отандық өндіруші Galaksi Group компаниясы Еуропалық қайта құру және даму банкісінен 7 миллион АҚШ доллары көлемінде несие алды. Несие Galaksi Group компаниялар тобына ПВХ-дан жасалған энергия үнемдеуіш есіктер мен терезелер өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ЕҚБД баспасөз қызметі хабарлады.

Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстан экономикасын әртараптандыруға қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Жалпы сомасы 7 миллион АҚШ доллары құрайтын несие ПВХ мен алюминийден пішіндер өндіретін Galaksi Group компаниялар тобына ұлттық валюта теңгемен беріліп отыр. Жоба ПВХ жасалған энергия үнемдеуіш есіктер мен терезелер импортын алмастырады.

ЕҚДБ қоғаммен байланыс қызметінің маманы Бақытжан Мұхамедияұлының айтуынша Еуропалық қайта құру және даму банкінен Galaksi Group компаниясының екі еншіле компаниясы несие алған.

"Келісім-шартқа сәйкес ЕҚДБ ПВХ пішіндерін және пластик трубаларды өндіретін Galaksi Group-тың еншілес компаниясы "Novus Polimer"-ге айналым капиталын қаржыландыруға 1,5 млн АҚШ долларын береді", – дейді Бақытжан Мұхамедияұлы.

"Novus Polimer" ПВХ пішіндерін өндіретін жетекші отандық кәсіпорын, нарықтағы үлесі 20 пайызды құрайды. Компанияның брендтері танымал және көрші елдердің нарығына экспортты ұлғайтуды жоспарлап отыр.

"Одан бұрын, осы топтың тағы бір еншілес компаниясы, жетекші алюминий пішіндерін өндіруші "Alugal" ЖШС 2016 жылы ЕҚДБ-дан 5,5 млн АҚШ доллары көлеміндегі несие алған болатын", – дейді Бақытжан Мұхамедияұлы.

"Alugal" компаниясы ішкі нарық сұранысының 25 пайызын қанағаттандырып отыр. Компания өнімі алюминийден терезелер жасауға, ішкі жеңіл қабырғаларды, заманауи ғимараттардың қасбеттерін әрлеуге пайдаланылады. "Alugal" ЖШС ЕҚДБ шағын және орта бизнесті қаржыландыру және даму бағдарламасының көмегіне жүгінген болатын. Арнайы шақырылған шетелдік маман компания басшылығына тиімді басқару, сату, маркетинг, жаңа құрал-жабдықтарды таңдау, жаңа зауыттың макеті туралы кеңес берді.

ЕҚДБ Қазақстан бойынша директоры Джанет Хэкман: "ЕҚДБ Galaksi Group компаниялар тобын қолдап, дамуына үлес қосқанын мақтан тұтады. Біздің қаржыландыру "Alugal" және "Novus Polimer" компанияларына ПВХ жасалған энергия үнемдеуіш есіктер мен терезелер өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл әріптестік Банктің жасыл энергияға өту саясатына және Қазақстанның жасыл экономика стратегиясына сай келеді. Қазақстандағы төрт жыл жұмысымның барысында импортты алмастыру және ел экономикасын әртараптандыруға ерекше назар аудардым", – деп атап өтті.

Galaksi Group бас директоры және құрылтайшысы Фатих Узуноглу: ""Alugal" Қазақстандағы ұзақ мерзімді инвестор. Біздің барлық жобаларымыз 2050 ұлттық өндірісті дамыту стратегиясына сәйкес импортты алмастыруға бағытталған. ПВХ мен алюминийге салынған инвестициялардың арқасында 2013 жылға дейін осы тауарларды импорттап келген Қазақстан енді оларды экспорттауға дайын. Аймақтағы басқа елдерге құрылыс материалдарының экспортын арттырудағы Қазақстанның әлеуетін іске асыруға ЕҚДБ қосқан үлес зор деп есептеймін. Бұл көмек тек қана қаржыландыру ғана емес, сондай-ақ жаңа технологиялар мен халықаралық стандарттарды енгізу", – деді.

Жұмыс істейтін елдердің экономикасын күшейту Еуропалық қайта құру және даму банкісінің стратегиялық басымдықтарының бірі. "Novus Polimer" және "Alugal" компанияларына берілген несие көрші елдердің нарығына шығуды жоспарлап отырған жергілікті өндірушіге пайда әкеледі. ЕҚДБ Қазақстан экономикасын 1993 жылдан бері инвестициялап келеді. Бүгінгі күнге шейін ЕҚДБ елдегі 219 жобаға 7,2 млрд еуро инвестициялады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу