Қазақстан-Ресей арасындағы тауар айналымы 350 млн доллардан асты – Үкімет басшысы

Әлихан Смайылов Башқұртстан басшысымен кездесті. 

Қазақстан-Ресей арасындағы тауар айналымы 350 млн доллардан асты – Үкімет басшысы Фото: primeminister.kz

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанаға делегациямен келген Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировпен кездесті. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында Қазақстан өңірлері мен Башқұртстан арасындағы өнеркәсіп кооперациясын нығайту жөніндегі шаралар, сондай-ақ Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі тереңдету мақсатында ауыл шаруашылығы, логистика, білім беру және туризм салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыға салынды.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті. Бұған 2022 жылы тауар айналымы көлемінің 10%-ға өсіп, 27 млрд долларға жеткені дәлел. Өткен жылдың 11 айында да арадағы сауда-саттық жақсы нәтиже көрсетіп, шамамен 24 млрд долларды құрады.

"Қазақстан-Ресей сауда қатынастарының дамуына Башқұртстан Республикасы елеулі үлес қосуда. Аталған кезеңде өңірлер арасындағы тауар айналымы 350 млн доллардан асты. Осы ретте арадағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту үшін зор әлеует бар", — деп түсіндірді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, Премьер-Министр Астанада өтіп жатқан бизнес-форум мен ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының отырысы екіжақты өзара іс-қимылға елеулі серпін беретініне сенім білдірді.

Өз тарапынан Башқұртстан басшысы өнеркәсіп кооперациясын одан әрі тереңдетуге және сауда қатынастарын дамытуға қызығушылық танытты.

"Біздің кәсіпорындарымыздың экономикалық ынтымақтастығы артып  келеді. Мүмкіндіктер енді ғана іске асырыла басталғанын көріп отырмыз. Тауар айналымын одан әрі ұлғайту алдағы жылдардағы ортақ міндетіміз деп санаймын. Бұл үшін тиісті алғышарттардың барлығы бар", — деді Радий Хабиров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу