Қазақстандағы №405 авиажөндеу зауыты Ресей тікұшағын құрастырмақ, деп хабарлайды lsm.kz.
"Вертолеты России" холдингінен берілген мәлімет бойынша, Қазақстан инженеринг және авиажөндеу зауыты мен холдинг арасында меморандумға қол қойылған.
Келісім бойынша, холдинг Ми-8АМТ/Ми-171 ұшағын құрастыруға бөлшек жеткізіп, әрі құрастырылған тікұшақтың бұзылмай жұмысын жалғастыруын ұйымдастыруы керек. 2025 жылға дейін 45 тікұшақтың жинағын жеткізу жоспарланған.
"Біздің Қазақстандағы серіктестеріміз 2017-2025 жылдары өз аумағында тікұшақ құрастыру үшін бізге ұсыныс білдірді. Біз тапсырыс берушінің талабына сай тікұшақты түрлендіру бойынша ұсынысты қарастырып жатырмыз", - дейді холдинг директоры Андрей Богинский.
Жыл соңына дейін тараптар алғашқы үш тікұшақтың бөлшегін жеткізуге келісім жасайды.