Қазақстан Ресейде үш мектеп салады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ресей Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында мектеп салуды ұсынған. Ал Қазақстан Орынбор облысында, Омбы және Астрахань қалаларында мектептер салу бастамасын көтерді.
"Орынбор облысында жер телімі алдын ала келісілді, ал Омбы мен Астрахань бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр", – деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, аталған білім ордаларында аралас оқыту моделі болады. Білім беру бағдарламаларында орыс тілі де, қазақ тілі де үйретілмек.
Жобаны іске асыру мерзімі әдістемелер мен білім беру бағдарламаларын келісудің аяқталуына байланысты болып отыр. Вице-премьер тиісті келісімдерге қол қойылғаннан кейін, құрылыс жұмыстары шамамен бір-бір жарым жылды алуы мүмкін екенін жеткізді.
Айта кету керек, былтыр Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы Санкт-Петербург қаласында өткен болатын.