Бүгін Ресей Федерациясында өтіп жатқан президент сайлауына Қазақстан Республикасынан 203 байқаушы бақылау жүргізуде, деп хабарлайды орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығы миссиясы құрамында 136 қазақстандық, Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясынан - үш, сондай-ақ, ДИАҚБ/ЕҚЫҰ құрамында - 39 бақылаушы бар.
Қазақстан Республикасы орталық сайлау комиссиясынан бақылаушылар делегациясын Төраға Берік Имашев басқарады. Сонымен қатар, сайлауды бақылауға ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров, ҚР ОСК хатшысы Сәбила Мұстафина, ҚР ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдина және Ортсайкомның аппарат қызметкерлері қатысуда.
Парламентаралық өзара әрекет шеңберінде Қазақстан Республикасы Парламенті атынан 25 бақылаушы, оның ішінде ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан (6), ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясынан (10), ҰҚШҰ (2) және Мемлекеттік Дума мен Федерация Кеңесінің шақыруы бойынша (7) бақылаушы жұмыс жүргізуде.
Ресей тарапы бұл сайлауда Қазақстанның бақылаушылар саны бойынша алда келе жатқанын атап өтті.