Қыркүйек айынан бастап Қазақстан мұнайы Усть-Луга теңіз порты арқылы жөнелтілген жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Энергетика министрінің кеңесшісі – ресми өкілі Әсел Серікпаеваға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жөнелтудің тоқтатылуына "тек транзиттік құбыр жүйесі инфрақұрылымындағы техникалық шектеулер" себеп болған.
"Қазақстан мұнайының экспортқа жоспарланған барлық көлемі қолданыстағы басқа бағыттар бойынша тұрақты бөлініп, жөнелтіліп жатыр. Жүк жөнелтушілер алдындағы міндеттемелер толық көлемде орындалуда. Осыған байланысты 11 қарашаға қараған түні Усть-Луга порты нысандарында болған ұшқышсыз ұшу аппаратына қатысты оқиға Қазақстан мұнайын тасымалдау мен экспорттауға әсер еткен жоқ", – деді Әсел Серікпаева.
Бұған дейін ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан Ресейден "Дружба" мұнай құбыры арқылы мұнай экспортын қайта бастау мәселесіне қатысты жауап күтіп отырғанын хабарлаған болатын.
Ресей 2026 жылдың мамырынан бастап өз аумағы арқылы "Дружба" мұнай құбырымен қазақстандық мұнайды Германияға транзиттеуді тоқтатты.
Сол кезде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресей тарапы "Дружба" құбыры арқылы Қазақстан мұнайын Германияға айдауға техникалық мүмкіндік жоқ екенін мәлімдегенін айтқан еді. Министр мұның себебі Ресей инфрақұрылымына жасалған соңғы шабуылдарға байланысты екенін айтты.