Жиын барысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елде электр энергиясының тапшылығы байқалып, Ресейден қымбат бағаға тоқ сатып алуға мәжбүр болып отырғанымызды айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Бүгінде электр энергиясы тапшылығы сезілуде. Бұрын мұндай қажеттілік аса байқалмайтын. Қазір бізге сағатына 2 млрд кВт электр қуаты жетіспейді. Осы тапшылықты өтеу үшін Ресейден сатып алып отырмыз. Баға кейде тым жоғары болады, себебі ең қажет кезеңде алуға тура келеді. Бұл жағдайды болдырмас үшін өзіміздің генерацияны дамыту қажет. Егер жеке инвестиция тартпасақ, тағы да Ұлттық қорға жүгінуге тура келеді. Ал жаңа энергетикалық блоктар салу үшін 700-800 миллионнан 1 миллиард долларға дейін қаржы керек. 2 млрд кВт қажеттілікті жабу үшін қуаты 540 МВт болатын 3-4 блок тұрғызуымыз қажет. Ұлттық қордан мұндай соманы алу оңай емес, – деді министр.
Сондай-ақ, Ерлан Ақкенженов әлемдік нарықта инвестиция тарту үшін бәсекелестік күшейгенін атап өтті.
– Бүкіл әлем инвестор үшін күресіп жатыр. Мәселен, Өзбекстанда әр жобаның артына мемлекет басшысы өзі қол қояды. Ал бізде жауапкершілік әр министрліктің деңгейінде. Энергетика саласы үшін инвестиция тартудың маңызы зор, – деді ол.