Қазақстан Ресейге тауар тасымалдауын азайтқан

863

Биылғы 4 айдың ішінде экспорт өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға азайыпты.  

Қазақстан Ресейге тауар тасымалдауын азайтқан Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстан Ресейге тауар тасымалын азайтты. Бұған Ұлттық статистика бюросы келтірген деректер дәлел, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Биылғы 4 айдың ішінде экспорт өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға азайыпты. Еуроодақтың кезекті санкциялар пакеті де жығылғанға жұдырық болайын деп тұр.

Қаңтардан бастап әр ай сайын шамамен 2 жарым млн тонна өнім жеткізілген. Негізінен экспорт көлемі төмендеген кен өнімдері мен қымбат металлдар. Ал радиоактивті химиялық элементтер, компьютер, монитор, проектор секілді техника керісінше 25 есе көп тасымалдана бастапты. 

"Металлургия, машина жасау зауыттарының өнімдері төмендеді. Себебі, олар автомобиль шығармай қойды ғой. Автомобиль шығарғанда бізден көбірек аллюминий алушы еді. Павлодардан мыс, Балқаштан титан алушы еді. Солардың бәрі қазір азайып қалды. Ресейге олардың экспорты азайды. Себебі, Ресейдің зауыттары істемегеннен кейін жоғары технологиялық қондырғыларын ала алмағаннан кейін біздегі шикізатқа сұраныс азайды", - деді экономист Сапарбай Жобаев.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, импортқа қатысты еш мәселе жоқ сияқты. 4 айда 5 млрд доллардың өнімін сатып алыппыз. Қара металл, мұнай, бидай, тіпті алтынның импорты бірнеше есе өскен. Дегенмен, бұл жақта еш проблема жоқ деуге ерте. Ресейден ағаш өнімдерін алатын жиһаз өндірушілер логистика жағынан біраз кедергіге тап болғандарын айтады. 

"Әскери операциялар басталғалы плита материалдарын жеткізуде қиындықтан көз ашпадық. Егер бұған дейін тауар тасымалдауға 2 апта уақыт кетсе, қазір 2 айдан артық күтеміз. 200-дей вагонымыз жоғалып кеткен кездер болған. Соғыстан бәрі зардап шегеді. Бір экономикалық кеңістікте болғаннан кейін бағаға да әсері бар. Бұрын плитаны 6 мыңға алсақ, қазір 12-18 мыңға дейін барады. Баламалы жолдарын табуға болады әрине, бірақ олар Ресей жауып отырған сұраныс көлемін көтере алмайды", - деді ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы президенті Қанат Ибраев.

Биыл Ресей барлық күш-қуатын әскери құралдарды дайындайтын кәсіпорындарға салып жатқандықтан, экономикасы 3-4 пайызға төмендейді,- деген болжам бар. Демек Қазақстаннан тауар алатын металлургиялық кәсіпорындары жұмысын тоқтатса, біздегі темір, титан секілді өнімдерге сұраныс азаяды. Дегенмен, бір елмен байланыс азайды деп сескенуге негіз жоқ,-дейді сарапшылар. Өнімімізді өткізетін өзге де жолдар жетерлік. 

Егер Қазақстан Ресейге санкциялық тауар жеткізуін тоқтатпаса, өзі де санкция астында қалуы ықтимал. Дегенмен қазіргі кезде Еуроодақ Орталық Азияны жан-жақтан қыспаққа алу да қате екенін түсінеді. Сондықтан сын-ескертпемен шектеліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу