Қазақстан Ресеймен шекарадағы жағдайды талқылады

165

 Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазақстан Ресеймен шекарадағы жағдайды талқылады Фото: primeminister.kz

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекеттік органдар, Шекара қызметі, Сыртқы істер министрлігі, ІІМ Көші-қон қызметі комитеті өкілдерінің, шекара маңы өңірлері әкімдерінің орынбасарлары мен Мәжіліс депутатының қатысуымен жедел кеңес өткізді.

Жиында Ресейге кіру кезіндегі өткізу пункттерінде жүк көліктерінің жиналып қалуы және Ресей Федерациясының көші-қон заңнамасындағы жаңа талаптарға байланысты жүргізушілердің шағымдары талқыланды.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресейде күшіне енген жаңа заңға сәйкес, шетелдік азаматтар күнтізбелік жыл ішінде тіркеусіз тек 90 күнге дейін ғана бола алады. Бұрын бұл мерзім 180 күн болған. Бұл шектеу халықаралық жүк және жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілерге де қолданылады.

Сонымен қатар Ресей мен Беларусь одақтас мемлекет болғандықтан, бір елде өткізілген уақыт екіншісінде де есептеледі. Осылайша жүргізушілердің Ресейде болу мерзімі айтарлықтай қысқарған.

Аталған талап визасыз елдердің, соның ішінде Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарына да қатысты. Дегенмен егер шетелдік азамат Ресейде тұруға ықтиярхат, рұқсат немесе уақытша тұруға өтініш рәсімдеген болса – болу мерзімі есепке алынбайды.

Қазақстанда шетелдіктер үшін тіркеусіз болу талабы – алты ай ішінде 90 күн. Бұл шектеу халықаралық жүк және автобус тасымалдарын орындайтын жүргізушілерге қолданылмайды, яғни халықаралық тәжірибеге сай келеді.

Биыл қыркүйектен бастап Ресейдің сұр импортқа қарсы тексерулері жағдайды күрделендірді – жүк көліктерін тексеру уақыты ұзарған.

Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжіметдинұлының айтуынша, жаңа көші-қон ережелері халықаралық тасымалдаушылармен қатар, ЕАЭО елдерінде жұмыс істейтін жүргізушілерге де әсер етті. Көптеген жүргізуші Ресейде болу мерзімі біткендіктен, жаңа жылға дейін рейске шыға алмай отыр. Кейбірі шектеуді бұзғаны үшін ұсталып, елден кету туралы ескерту алған.

Қазіргі таңда Қазақстан тарапынан ресейлік әріптестермен түрлі деңгейде келіссөздер жүргізіліп жатыр. 7 қазанда Серік Жұманғарин Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкинмен кездесіп, мәселені бірлесіп және жедел шешуге уағдаласты.

Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссияға (ЕЭК) қалыптасқан жағдайды сыртқы саудаға кедергі келтіретін тосқауыл ретінде тану туралы ресми өтініш жолдады. Бұл мәселе 13 қазанда ЕЭК алаңында және 7 қарашада Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының 26-отырысында қаралмақ.

Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей шекарасында 30 автокөлік өткізу пункті бар. 2024 жылы олар арқылы 14,3 миллион адам, 3 миллион жеңіл және 2 миллион жүк көлігі өткен. Жүк көліктері үшін ең ірі өткізу бекеттері – Сырым, Қайрақ, Жайсаң, Қосақ, Ауыл, Құрманғазы және Жаңажол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу