Қазақстан Республикасының жаңа саяси-әкімшілік картасы туралы баяндалды

1969

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті төрағасы Қажымұқан Бекмұқашев құрамында жаңа құрылған облыстары бар Қазақстан Республикасының жаңа саяси-әкімшілік картасы туралы баяндады. 

Қазақстан Республикасының жаңа саяси-әкімшілік картасы туралы баяндалды Фото: ortcom.kz

Комитет төрағасының айтуынша, тақырыптық карталарды жасаудың технологиялық процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Бастапқы кезеңде картаның сипаты, оны пайдалану мақсаты айқындалады. Карталарға талдау және кезекшілік карталардан тиісті мәліметтер алынып, жинақтау жұмыстары жүргізіледі.

"Келесі кезең – редакциялық дайындық жұмыстары. Бұл тұрғыда картаның орналасу макеті дайындалады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік каталогына географиялық атауларын сәйкестікке салыстыру жұмыстары жүргізіледі. Әкімшілік-аумақтық бірліктерінің шекаралары оны жергілікті атқарушы органдарға келісуге жіберіледі", – деді Қ. Бекмұқашев.

Дайын карта редакциялық бақылаудан өткен соң сараптамаға жіберіледі. Сараптамадан өткеннен кейін карталар басып шығарылады, дейді спикер.

"Бұл ауқымды жұмысты бізге бағынысты кәсіпорынның білікті мамандары атқарады. Бұл жұмысты істеу үшін белгілі бір білім керек, білікті мамандармен бұл жұмыстар атқарылды", – деді комитет төрағасы.

Содан кейін дайын карталар мүдделі мемлекеттік органдарға таратылады. Қ. Бекмұқашев бұл карталардың тек мемлекеттік органдарға ғана емес, сонымен қатар жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет арқылы ақылы негізде қолжетімді екенін жеткізді.

"Жасалған тақырыптық карталарға сұраныс бар. Жыл басынан бастап бүгінге дейін мемлекеттік органдардан 50-ге жуық, ал жеке және заңды тұлғалардан 200-ден астам өтінім келіп түсті", - деп түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу