Бангладешке уақытша орналастырылған рохинджа босқындарына Қазақстаннан гуманитарлық көмек берілді. Бұл туралы Қазақстанның Пәкістандағы елшісі Барлыбай Садықов жазды, деп хабарлайды sputniknews.kz.
"18 сәуірде ҚР Пәкістандағы елшілігі Қазақстан Республикасының гуманитарлық көмегін Бангладеш Халықтық Республикасындағы Кокс-Базар қаласына жақын маңдағы аумаққа уақытша қоныстандырылған рохинджа босқындарына табыстады", — деп жазды Садықов Facebook-тегі жеке парақшасына.
Ол босқындардың жалпы саны бір миллион адамнан асатынын атап өтті.
Рохинджа (рохинья) — XIX және XX ғасырдың басында Бирманың Аракан штатына қоныстанған этникалық бенгал-мұсылмандар. Олар Ракхайн штаты халқының басым бөлігін құрайды, дегенмен олардың арасында Мьянма азаматтығын алғандар аз.
Мьянманың ресми билігі мен будда халқы рохинджаны Бангладештен заңсыз келген мигранттар деп есептейді. Олар мен жергілікті аракан-буддалар арасындағы қақтығыстың тарихи тереңде жатыр.
Былтыр рохинджа содырлары Мьянма шекара бекеттері мен әскери бөлімдеріне шабуылдағаннан кейін Мьянма әскерилері жауап ретінде ауқымды операцияны бастаған болатын. Қанды қырғынның салдарынан соңғы бірнеше айдың ішінде жарты миллионнан астам рохинджа көрші Бангладешке қашып барды.