Қазақстан Ресеймен бірлескен өндірісті ұйымдастыру кезінде ЕО мен АҚШ-тың ұсынымдарын орындайды. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан халықаралық өнеркәсіптік көрмеде ұйымдастырылған брифингте ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы Азамат Панабаев айтты.
"Санкция мәселелері бойынша біз Экономика министрлігімен және Сауда министрлігімен тығыз байланыста жұмыс істейміз, Сыртқы істер министрлігімен кеңесіп, ЕО мен Америка Құрама Штаттарының ұсынымдарын орындаймыз. Соның негізінде ешқандай зиян келмейтіндей бірлескен өндірістерді ұйымдастырудың заңды әдісін ойластырып жатырмыз", – деді комитет төрағасы.
Сонымен бірге ол көрмеге қатысқан бірқатар ресейлік компаниялардың санкцияға ұшырағанын мойындады.
"Бірақ қазір санкцияланған компаниялармен жұмыс істеп жатырмыз деу дұрыс болмас, біз халықаралық құқықты бұзбай ынтымақтастықтың дұрыс механизмін іздеп, тауып, құрудамыз", - деп сендірді Панабаев.