Қазақстан сержанттар корпусына 30 жыл толды

258

Кәсіби әскери кадрларды даярлау ісі дамып келеді.  

Қазақстан сержанттар корпусына 30 жыл толды Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі телеграм

Бүгін, 1 шілдеде Қазақстан Қарулы күштерінде барлық деңгейдегі командирлердің сенімді тірегі саналатын сержанттар күні атап өтіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл күн әскери қызметшілерді даярлау, тәрбиелеу және әскери тәртіпті қамтамасыз етудегі сержанттардың еңбегін дәріптеуге арналған.

Мерекенің тарихы 1996 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусының құрылуынан бастау алады. Бұл шешім тәуелсіз Қазақстанның кәсіби сержанттар корпусын қалыптастыруға негіз қалап, кіші командирлерді даярлаудың жаңа жүйесін енгізді. Ал 2021 жылы 1 шілде ресми түрде Сержанттар күні болып бекітілді. Биыл кәсіби сержанттар корпусының құрылғанына 30 жыл толып отыр.

Осы уақыт ішінде елімізде Қарулы күштердің талаптарына сай кәсіби сержанттарды даярлаудың заманауи жүйесі қалыптасты. Бүгінде сержанттар жауынгерлік даярлықты қамтамасыз етіп, бөлімшелердің күнделікті қызметін ұйымдастыруда маңызды рөл атқарып келеді.

Қазақстан Қарулы күштерінің бас сержанты, шебер-сержант Темірбек Халықовтың айтуынша, сержанттар сарбаздардың тікелей командирлері ретінде әскери тәртіпті сақтап, жеке құрамды оқытып-тәрбиелейді әрі офицерлерге жүктелген міндеттердің орындалуына жан-жақты қолдау көрсетеді.

– Сержанттардың кәсібилігі, беделі, білімі мен жеке үлгісі әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығының деңгейіне, моральдық-психологиялық ахуалына және бөлімшелердің жүктелген міндеттерді орындауға дайындығына тікелей әсер етеді, – деді Темірбек Халықов.

Қарулы күштерде сержанттар құрамын даярлау жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударылып келеді. Жыл сайын кәсіби шеберлікті арттыру мақсатында "Үздік сержант" жалпыәскерлік байқауы ұйымдастырылады. Байқауда қатысушылар теориялық білімдері мен практикалық машықтарын сынап, үздіктер халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғайды.

Сонымен қатар қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың тәжірибесі ескеріліп, жауынгерлік даярлықта қолданылатын нормативтер жаңартылды. Ал сержант мамандарын даярлау еліміздегі бес әскери колледжде он түрлі мамандық бойынша жүргізіледі.

Сержанттар корпусы кәсіби Қазақстан армиясының берік негізі саналады. Олардың кәсібилігі, жауапкершілігі мен әскери борышқа адалдығы Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етіп, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу