Үкіметтің көшпелі отырысы аясында өткен көрмеде осы парктегі даму және инновациялар департаментінің басшысы Дарина Мамырова осындай технологияны БАҚ өкілдеріне таныстырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бұл негізі қытайлық Unitree роботының моделімен жасалған. Роботтың өзі ғана 10 мың доллар тұрады. Көптеген қазақстандық кәсіпорындар, тіпті шағындары да мұндай роботқа қол жеткізе алады. Біздің осы жобаға таңдау жасап отырғанымыз да сондықтан. Өзге технологиялардан бағасы бойынша да, функционалдық артықшылық жағынан да артықшылықтары бар", - дейді ол.
Бұл роботты қазақша дыбыстап басқаруға да болады.
"Роботтың өзі төрт аяқты. 360 градуста айналып түсіретін камерасы бар. Шахтадағы газдың уыт деңгейін, жылу датчиктері арқылы адам іздейтін құрылғысы түгел Қазақстанда жасалған. Робот жинаған деректің бәрі виртуалды ақпарат орталығына жіберіледі. Аталмыш роботтандырылған кешенді Қарағанды облысында "Қазақмысқа" тиесілі Нұрқазған кенішінде сынақтан өткізіп көрдік. Жобаның өзін қаншалықты ақтайтыны сол кезде тексердік. Енді роботты қосымша датчиктермен жабдықтап жатырмыз", - деді Дарина Мамырова.
Құрылғы кәсіпорындардағы өнеркәсіп қауіпсіздігін сақтауға арналған.
"Жыл сайын Қазақстандағы кәсіпорындарда шахтаға газ тараудың кесірінен, жарылыстар кесірінен біршама адамның өмірі қиылып жатады. Робот осындай қатерлердің алдын алуға көмектеседі. Робот шахтағы жіберілгеннен кейін дыбыстық пәрмен арқылы басқарылады. Шахтадағы ауаның сапасы, көміртегі мен оттегінің үлесі туралы деректі үстідегі диспетчерлік бөлімге жолдап отырады. Диспетчер сол деректің негізінде жұмысшыларды уақытында қауіпсіз жерге көшіре алады", - деді маман.