"Қазақстан" шахтасы алдағы бір жыл көмір шығармайды

957

Апат болған "Қазақстан" шахтасындағы өрт бүгін-ертең ауыздықталмайды.

"Қазақстан" шахтасы алдағы бір жыл көмір шығармайды

Шенеуніктер, тіпті, қызыл жалын толық өшірілетін уақытты дөп басып айта алмай отыр. Анығы, кеніштен бір жыл бойы көмір шығарылмайтын болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Тексеріс жүргізіп жатқан комиссия мүшелері осындай шешімге келді. Енді 1 жарым мың жұмысшының тағдыры не болмақ?

Бес кеншінің өмірі қиылған "Қазақстан" шахтасындағы өртті ауыздықтау мүмкін болмай жатыр. Себебі, қазір тілсіз жау жайылып, 4 бірдей аумаққа жеткен. Ондағы 30 градус ыстық пен түтін өрт сөндіру қызметкерлерінің жұмысына айтарлықтай кедергі тудыруда. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтау үшін  бар күштерін  жұмылдырып-ақ жатыр, алайда жалын жақын уақытта сөнбейді деп отыр.

Шахтадан көмір шығару жұмыстары тоқталатын болса, кеншілірдің тағдыры не болмақ деген сұраққа АМТ компаниясының басшылығы былай жауап берді.

"Штаттағы жұмыскерлердің 40 пайызы осында қалады. Олар жеңіл-желпі жұмыстарға араласады. Ал, көмір шығаратын кеншілерді өзге де кен орындарына орналастырдық. Әзірге осылай жұмысымыз жүреді", - деді "АрселорМиттал Теміртау АҚ-ның атқарушы директоры Виктор Гафиулов.

Ал, толықтай күлге айналған оқиға орнын комиссия мүшелері тексере алмайтыны анық. Сондықтан, тексеріс тобының шешімімен 7 түрлі сараптама тағайындалыпты. Оған мүшелік ететіндердің қатарына жерлестерімізден бөлек, Ресей және Германия елдерінің өкілдері де бар.  

Еске, сала кетейік 17 тамыз күні "Қазақстан" шахтасында конвейер лентасы жанып, 222 кенші өз еріктерімен жер бетіне шығып үлгерген еді. Ал, 5 жұмысшы қаза тапты. Қазір марқұмдардың отбасыларына ұжымдық келісім шарт негізінде компания өтемақы төлейтін болды. Сондай-ақ, зардап шеккен 13 адамға сауығып кеткенше толық жалақылары төленеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу