Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта қазақстандық заңнамаға сәйкес барлық зергерлік бұйымдар қазақстандық брендпен таңбалануы тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Алайда бүкіл әлем мойындаған Швейцария Конфедерациясындағы зергерлік бұйымдардың сапасын ескере отырып, Қазақстан қайта таңбалауды жүргізбейді. Өзара қарым-қатынас принципіне сүйене отырып, Қазақстаннан Швейцария Конфедерациясына экспортталатын зергерлік бұйымдар да таңбаланбайды. Келісімшартты қабылдау өнімдерді қайта таңбалау қажеттілігін жояды. Бұл зергерлік бұйымдарды экспорттау кезіндегі әкімшілік жүктемені азайтады", – деді Арман Шаққалиев.
Өз кезегінде Мәжілісмен Альберт Рау келісім 2021 жылдың 29 қарашасында Женева қаласында жасалғанын атап өтті.
"Келісім бойынша бір тарапқа әкелінетін бағалы металдардан жасалған бұйымдар екінші тараптың таңбасының ізі бар импорттаушы тарапта талдауға және таңбалауға жатпайды. Сонымен бірге заттар осы Шарттың талаптарына сәйкес келуі керек. Осы заң жобасын мақұлдап, Парламент Сенатының қарауына жіберуді ұсынамыз", – деп түйіндеді спикер.
Айта кетейік, Мәжіліс "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардың таңба белгілерін өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын қабылдады.