Қазақстан СІМ басшысы БҰҰ басшылығымен кездесулер өткізді

608

БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті. Бұл туралы inbusiness.kz ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп хабарлайды.

Қазақстан СІМ басшысы БҰҰ басшылығымен кездесулер өткізді

Антониу Гутерриш Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі БҰҰ миссиясының қашықтағы кеңсесін Алматыда орналастыру туралы шешім қабылдаған Қазақстан Президентіне алғыс білдірді. 

"Қазақстанның бұл шешімін біз тек көмек ретінде ғана бағаламаймыз. Сіз БҰҰ мен Қазақстан арасындағы тамаша қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететін дипломатиялық бауырластықтың шынайы рухын көрсеттіңіз", - деді Гутерриш. 

Өз кезегінде Министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін құру жөніндегі бастамасының іске асырылу барысы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. 

Сол күні Министр БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Контртеррористік басқарма басшысы Владимир Воронковпен келіссөздер жүргізді. Қазақстандық тарап Ауғанстандағы террористік қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша олардың әлеуетін нығайту үшін Орталық Азия өңірі елдеріне техникалық жәрдемдесу бағдарламалары туралы хабардар етілді. 

БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер және әлем құрылысы жөніндегі орынбасары Розмари Дикарломен кездесуде жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мен бірлескен күш-жігер талқыланды. 

Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас Хатшысының қарусыздану мәселелері жөніндегі орынбасары Изуми Накамицу және жаһандық коммуникациялар жөніндегі орынбасары Мелисса Флемингпен бірге БҰҰ штаб-пәтерінде Семей ядролық сынақ полигонының тарихи жабылуы туралы тұрақты экспозицияның ашылуына қатысып, сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың полигонды жабу 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығының көшірмесін сыйға тартты.

Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Филиппин Сыртқы істер министрі Теодоро Локсин және Кипрдің Сыртқы істер министрі Никос Кристодулидеспен кездесті және бейнеконференцбайланыс режимінде АҚШ-тың USAID Халықаралық даму агенттігінің әкімшісі Саманта Пауэрмен келіссөздер жүргізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу