Қазақстан Сирияға гуманитарлық көмек көрсетті

1314

Қазақстан Сирияға гуманитарлық көмек көрсетті

Бүгін Қазақстан Сирия Араб Республикасының халқына 500 тоннаға жуық ұн, ет консервісі, күріш, макарон мен шай жөнелтті.

Гуманитарлық жүк Сирияның Тартус портына Ресей Федерациясының ықпалдастығымен жеткізілді. Қазақстанның Иорданиядағы елшісі Азамат Бердібай тапсырған гуманитарлық көмекті сириялық тараптан Тартус провинциясы кеңесінің төрағасы Ясер Дибба қабылдады.

Қазақстанның гуманитарлық көмегін сириялықтарға тарату Сирияға көмек көрсету жөніндегі жоғарғы комиссияның қадағалауымен жүзеге асырылады.

"Сириядағы ауқымды гуманитарлық дағдарысты есепке ала отырып, бұл елге гуманитарлық көмек көрсету шешімін президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады", – дейді Азамат Бердібай.

Бұл Қазақстанның Сирия халқына көрсетіп жатқан тұңғыш көмегі емес. 2012 жылы босқындар лагерлерінде орналасқан сириялықтарға гуманитарлық көмек ретінде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы арқылы Қазақстан Иордания және Ливан үкіметтеріне 400 мың АҚШ долларын бөлген.

Сондай-ақ 2015 жылдың қазанында Астанада өткен сириялық оппозиция өкілдері арасындағы келіссөздерден кейін Түркия-Сирия шекарасында шоғырланған сириялық босқындарға фармацевтикалық, азық-түлік және тұрғын мәселелерін жақсарту үшін сириялық босқындарға Қазақстан 300 мың еуро гуманитарлық көмек беру туралы меморандумға қол қойылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу