Қазақстан Сирияға соққы жасаушыларды айыптайды

587

Қазақстан Сирияға соққы жасаушыларды айыптайды

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров кеңестің АҚШ, Франция және Ұлыбританияның Сирия нысандарына зымыранмен соққы жасауына орай шұғыл шақырылған отырысында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазақстан Сириядағы ахуалдың ушыға түсуіне байланысты өзінің барынша алаңдаушылық танытып отырғандығын білдіреді. Біз барлық тарапты мұнан ары әскери ушыға түсуге жол бермеуге және БҰҰ жарғысы мен Қауіпсіздік кеңесінің сәйкесінше қарарлары негізінде көп азап шеккен Сирияға сенім, бейбітшлік және қауіпсіздікті қайтару үшін шаралар қабылдауға шақырамыз. Осы залда шиеленістердің арта түскендігін көрген сайын біз БҰҰ жарғыларына және халықаралық құқыққа сәйкес жауапкершілікпен әрекет етуге шақырамыз. Кеңес мүшелері болмаса басқа кім бүкіл әлемге жарғының ұстанымдары мен ережелерінің сақталуына үлгі бола алады?", - деді Қайрат Омаров. 

Оның атап өтуінше, Қазақстан басқа елдерді де халықаралық құқық пен заңды қатаң сақтауға шақырады.

"Дегенмен, өкінішке орай кеше біз басқа үлгіні көрдік. Қандай игі істі желеу етіп шара қабылдаса да олар әскери күш қолдануды ақтай алмайды. Озбырлыққа зорлықпен жауап беру еш уақытта да бейбітшілік пен тұрақтылық әкелмейді. Қазақстан "әскери іс-қимыл - бұл Қауіпсіздік кеңесі мақұлдаған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін соңғы шара" деген ұстанымды қолдайды және осылай болып та қала береді. Бұл кеңес кеше болған алған әскери соққыны мақұлдаған жоқ", - деп атап өтті Қазақстанның тұрақты өкілі.

Қайрат Омаров Сирия мәселесін барынша байыппен талқылайтын уақыттың жеткенін де баса айтты.

"Біз АҚШ пен Ресей Федерациясын олардың Сирияны қолдау жөніндегі халықаралық топтың тең төрағасы болып саналатындығын және басқа тараптарға да ықпал ету мүмкіншіліктерінің бар екендігін ескере отырып, Сириядағы жанжалды саяси реттеуге қол жеткізу үшін белсенді әрекет етуге шақырамыз. БҰҰ  тараптар өзара дауларын реттеу үшін келіссөздер жүргізуде сындарлы рөл атқаруға тиіс",- деді ол.

Сондай-ақ, Қайрат Омаров оң нәтижелерге қол жеткізу үшін Астана процесі мен Женева келіссөздері мақсат-міндеттерін одан ары қолдау қажеттігін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу