Қазақстан Солтүстік Македонияның маңызды бастамаларын қолдайды – Мұрат Нұртілеу

411

Екі ел өзара ынтымақтастықты Хельсинки актісі мен Астана декларациясы рухында одан әрі дамытуға ниетті.

Қазақстан Солтүстік Македонияның маңызды бастамаларын қолдайды – Мұрат Нұртілеу Фото: inbusiness.kz

Қазақстан мен Солтүстік Македонияның сыртқы істер министрліктері басшыларының кездесуінде өңірлік және жаһандық өзекті мәселелер назардан тыс қалмады. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Қазіргі таңда өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер – кез келген кездесудің маңызды тақырыбы. Әріптесіммен жан-жақты пікір алмастық. Көптеген өзекті халықаралық проблемалар бойынша ұстанымдарымыз жақын немесе ұқсас екенін айта кету керек. Бұған Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңындағы біздің өзара тиімді іс-әрекеттестігіміз, соның ішінде Қауіпсіздік кеңесі, Адам құқықтары кеңесі, ЮНЕСКО және басқа да көпжақты құрылымдар желісі бойынша өзара қолдау көрсету мен тығыз консультациялар дәлел бола алады", - деді министр.

Мұрат Нұртілеу Солтүстік Македонияның күрделі геосаяси жағдайда ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп жатқанын атап өтті. 

Оның сөзінше, Қазақстан солтүстікмакедониялық төрағалықпен ашық және конструктивті, ортақ мүдде тұрғысынан жұмыс істеуге мүдделі.   

"Қазақстан Солтүстік Македонияның маңызды бастамаларын, оның ішінде диалог арқылы өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерін қолдап, өзінің пәрменді үлесін қосуға дайын. Солтүстік Македонияның халықаралық терроризм мен экстремизмге, есірткі мен қарудың заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонға қарсы күрес, сондай-ақ шекара қауіпсіздігі сияқты мәселелерге ерекше назар аударып отырғанын қоштаймыз", - деді СІМ басшысы.

Екіжақты келіссөзде экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимыл мәселесі де талқыланған. 

Айта кету керек, биыл еліміздің ЕҚЫҰ-ға алғашқы төрағалығына және Астана саммитін өткізгеніне 13 жыл толды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу