"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйек айынан 19 желтоқсанға дейін жаңа өнім астығының 3,9 млн тоннасы экспортталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың осы кезеңінде экспорт көлемі 3,4 млн тоннаны құраған. Бұл сыртқы нарықтарға жеткізілім көлемінің тұрақты өсіп отырғанын көрсетеді.
"Негізгі бағыттар бойынша жөнелтілім көлемінің едәуір өсуі тіркелді. Өзбекстанға астық экспорты 35%-ға артып, 1 315 мың тоннадан 1 774 мың тоннаға жетті. Қырғызстанға жеткізілім көлемі екі есеге өсіп, 59 мың тоннадан 122 мың тоннаға дейін ұлғайды. Сондай-ақ Ауғанстан бағыты бойынша да айтарлықтай өсім байқалды: экспорт көлемі 36,8%-ға артып, 190 мың тоннадан 260 мың тоннаға дейін өсті", – делінген министрлік хабарламасында.