ҚР-ның Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев БАӘ-нің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед Саид Әл-Арики мырзамен кездесті. Кездесу барысында тараптар өткен жылдың желтоқсан айында Дубайда (БАӘ) өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясының (COP 28) оң жақтарын атап өтті. Оған 150-ден астам елден делегациялар қатысты және оның ішінде Қазақстан делегациясы да бар. Бұл туралы inbusiness.kz сайты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Қазақстан үшін СОР-28 еліміздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдарын жұмсарту бойынша әлеуетті арттыру және жобаларды іске асыру үшін елдермен өзара іс-қимыл жөніндегі өршіл мақсаттары туралы мәлімдеуге тамаша алаң болды", - деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.
Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы Астанада БҰҰ қамқорлығымен Орталық Азия елдерінің өңірлік Климаттық саммитін өткізуді ұсынды. Бұл іс-шара өңірдегі климаттың өзгеруіне қарсы күресте Орталық Азия мемлекеттерінің өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.
"Қазақстан СОР-28 қабылданған міндеттемелер мен іс-қимылдарды қолдайтынын және біз халықаралық әріптестерімізбен, соның ішінде БАӘ-мен халықтарымыз үшін салдарларды жұмсарту және неғұрлым орнықты болашақ құру үшін ынтымақтасуға ниеттіміз", - деп қосты министр.
Кездесу соңында БАӘ-нің ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед Саид Әл-Арики мырза СОР-28 жұмысына белсенді қатысқаны үшін Ерлан Нысанбаевқа алғыс хатты табыс етіп, екі елдің экологиясы саласындағы ынтымақтастыққа сенім білдірді.