Қазақстан спортшылары Олимпиада шеруінде жүріп өтті

1683

Қазақстан спортшылары Олимпиада шеруінде жүріп өтті

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласындағы ХХIII қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар салтанатты шеруде жүріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арнайы салынған бес бұрышты стадиондағы шеруде әлемнің 92 елінің спортшылары кезек бойынша жүріп келеді. Айта кетерлігі, бес құрлықтағы халықтың өкілдері үшін салынған стадионға 35 мың адам сияды екен. Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында ұйымдастырушылар табиғат пен адамзаттың үйлесімін көркем көрініс арқылы көрсете білді.

Спортшылардың шеруін Грекия құрамасы бастады. Грекия екі спорт түрінен төрт қана спортшы әкелген. Олардың ізімен қар жаумаса да қысқы Олимпиадаға келіп отырған қар жаумайтын Гана елінің бір ғана спортшысы шеруді жалғастырды. Одан кейін Нигерия, Нидерланды және тағы басқа елдердің спорт саңлақтары шеруде жүріп өтті.

Көп кешікпей Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар шеруден көрінді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, шорт-трекші Абзал Әжіғалиев Қазақстанның көк туын көкке желбіретті. Қазақстандық делегацияның айбыны асқақ, рухы басым. Стадионда сонымен бірге, көрерменнің қошеметіне ие болған 46 спортшымыз үшін тақым қысып отырған қазақстандық жанкүйерлер де көрінді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу