Күш экстримінен Қазақстан рекордшысы Сергей Цырульников Санкт-Петерборда өткен Vortex Sport Battle 7 турнирінде ресейлік мықтыны жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Посткеңестік кеңістіктің мықты атлеттері қатысатын бұл турнирге өзге де елдерден алып күш иелері шақырылады. Жарыс күш экстримі, кроссфит және өзге де спорт түрлері бойынша өтті", – деді ол.
С.Цырульников "сахналық экстрим" жарысына қатысқан. Ол 5 тапсырмадан тұрады. Алдымен ұзындығы 200 мм-лік шегені өріп, одан кейін 5 шегені тақтайға қағу керек. Үшінші сайыста спортшылар "Боржоми" банкісін қолмен мыжғылайды. Ал төртінші кезеңде бес күнтізбені жыртуға тиіс. Соңғы сатыда спортшыларға қалыңдығы 16 мм болатын 3 темір таяқты бүгуге тура келеді. Осы сайыста Қазақстан спортшысына Ресейдің бес дүркін рекордшысы, әлем рекордының иесі Михаил Савин қарсылас болды.
"Бастапқы 4 кезеңді екеуміз де оңай әрі бірдей аяқтадық. Соңғы тапсырмада екеуімізде де проблема туындады. Қорытындысында 5 минут уақытымды шығындап, бір темір таяқты бүге алдым. Ал Михаил олай жасай алмады. Сөйтіп, мен жеңімпаз болдым", – дейді қазақстандық алып күш иесі.
Еске сала кетсек, өткен жылдың мамыр айында Сергей Цырульников салмағы 148 тонналық вагон тіркеулі тепловозды бірнеше метрге сүйреп апарып, рекорд жасаған. Ал өткен жылдың соңында Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумында ақмолалық палуан Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге екі ел достығының символы ретінде өрілген шегелерді сыйға тартқан еді.