Қазақстан субконтракт биржасын дамытуға мүдделі, деп хабарлайды abctv.kz.
Астанада субконтракт биржасының екінші форумын өткізудегі масқат та осы, биржаға тың серпін беру.
"NADLoC" жергілікті қамтуды дамыту ұлттық агенттігі төрағасының орынбасары Дмитрий Усовтың айтуынша, субконтракттар биржасы іргедегі көршіміз Ресейде жақсы дамыған. Мұнда шамамен 35 өңірлік орталық жұмыс істейді. Ресейдегі биржа алаңында күніне орта есеппен 4 мың электронды сауда-саттық жүргізіліп, шамамен 93 млрд рубльдің келісімі жасалады.
"Әлем бойынша субконтракция желісінің жарқын мысалы ретінде Apple және Toyota компанияларын айтуға болады. Олардың әлем бойынша 50 мыңнан астам қосалқы жеткізушілері бар. Демек, біз де субконтракция желісін осы компаниялардың тәжірибесін негізге ала отырып дамытуымыз керек", – дейді ұлттық агенттіктің өкілі.
Еске сала кетейік, Астанадағы екінші форумға Қазақстандағы әлеуетті 40 тапсырыс беруші компания мен 200-ге жуық өндіруші қатысты. Олардың қатарында "Қазақмыс", "Еуразиялық топ", "Қазцинк", "АрселорМиттал Теміртау", "Теңізшевройл" секілді ірі компаниялар бар.
"Шараның мақсаты – қазақстандық ірі компаниялардың отандық өндірушілер арасынан жеткізушілер іздеуіне көмектесу. Яғни, тапсырыс беруші мен жеткізуші арасындағы тікелей келіссөздердің қалыптасуына жағдай жасау. Тапсырыс беруші мен жеткізуші арасында кооперациялық байланыс болуы керек", – дейді Дмитрий Усов.
Фархат Әміренов