Қазақстан сыртқы саясаттың тиімді моделін қалыптастырды

1249

Ташкентте Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты қабылдау өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қазақстан сыртқы саясаттың тиімді моделін қалыптастырды

Жиында Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін және Орталық Азия өңірін ядролық қарудан азат ету ісіндегі бейбіт және интеграциялық бастамаларын тілге тиек етіп, сөз сөйледі. 

"Біз прагматизм мен ұлттық мүддені сақтай отырып, сыртқы саясаттың тиімді моделін қалыптастырдық. Алдағы уақытта халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастығымыздың тамырын тереңдете береміз. Біздің ел Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақырды, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы сияқты ұйымдардың құрылуының бастауында болды", – деді Дархан Сатыбалды.

Дипломат Қазақстан мен Өзбекстанмен екіжақты мемлекетаралық қатынасы жоғары деңгейде екенін атап өтті.

"Жақында ғана Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапардың қорытындысы екі елдің экономикалық және саяси байланысқа бағытталған сенімді стратегиялық әріптестігінің буыны беки беретіне дәлел болды. Екіжақты құжаттарға қол қойылды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы одақтастық қатынас туралы декларация екенін атап өтуіміз керек. Бұл құжат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа әрі сенімді деңгейін көрсетеді", – деді Дархан Сатыбалды.

Өз кезегінде Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов бауырлас халықтың достығы жалғаса беретінін баяндап, Қазақстан халқын алда келе жатқан тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу