Қазақстан салынып жатқан ТАПИ (Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан) газ құбыры арқылы Оңтүстік Азия бағытында табиғи газды экспорттау мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.
"Біздің энергетикалық ресурстарымызды экспортқа шығаруға келер болсақ, біз ТАПИ газ құбырына қызығушылық танытудамыз. Яғни бұл - Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан бағыты. Қазір Үндістан мен Түрікменстандағы әріптестерімізбен мәселе талқылануда. Әзірге газ құбырын пайдаланудың тиімділігі зерттеу сатысында тұр. Айта кету керек, газ құбыры әлі салынып біткен жоқ", - деді ол үкіметтік сағатта.
ТАПИ газ құбырының құрылысы 2015 жылдың желтоқсанында басталды, құрылысты аяқтау 2019 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Газ құбырының жалпы ұзындығы 1814 шақырымды құрайды.