Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен "Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін" атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеу жөніндегі редакция алқасының кезекті отырысы өтті.
Жиында Ғылым және жоғары білім министрі, редакциялық алқа төрағасының орынбасары Саясат Нұрбек көптомдықтың алғашқы төрт томын басып шығаруға дайындық барысы туралы баяндама жасады. Ал Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы басылымның бірыңғай дизайн-тұжырымдамасын таныстырды.
Ерлан Қарин кейінгі жылдары отандық ғылымда Қазақстанның көпғасырлық тарихын кешенді зерделеу бағытында айтарлықтай ілгерілеу болғанын атап өтті. Оның айтуынша, академиялық жеті томдық қоғамның тарихи жады мен ұлттық бірегейлігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасының преамбуласында Ұлы даланың мыңжылдық тарихи сабақтастығы айқын көрініс тапқанына назар аударылды.
Отырыс барысында ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы кезеңді қамтитын бесінші томның қолжазбасы қаралды. Томның жаңартылған құрылымы мен мазмұнын авторлар ұжымының жетекшісі Зиябек Қабылдинов таныстырды. Сонымен бірге бірқатар ғалымдар мен сарапшылардың рецензиялары тыңдалып, редакция алқасы мүшелері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Жиын қорытындысында бесінші томды жетілдіру жұмыстарын жалғастыру және келесі отырыста көптомдықтың алтыншы томын қарастыру туралы шешім қабылданды.