Бүгін Астанада іскер орта өкілдерінің қатысуымен Қазақстан -Татарстан бизнес-форумы басталды. Іс-шарада ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Татарстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары - өнеркәсіп және сауда министрі Альберт Каримов сөз сөйледі, деп хабарлайды ИДМ баспасөз қызметі.
Тараптар Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға мүдделілік танытты.
Татарстанның мұнай өнімдерін өңдеу, машина жасау, ауыл шаруашылығы, білім, ғылым және инновация салаларындағы даму тәжірибесіне қызығушылық танытқан Жеңіс Қасымбек Татарстан бизнесін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
"Еуропаға қарай "Қорғас - Шығыс қақпасы" АЭА арқылы контейнерлік тасымалдардың саны екі есеге өсті. Татарстан бизнесін арнайы аймақтардың қызметіне қатысуға шақырамыз. Біз сондай-ақ Қазан қаласында осындай баламалы орталықты құруға қатысу мүмкіндігін қарастырудамыз, осылайша осы орталықтар арасындағы жеткізу тізбектерін бақылауды қамтамасыз етеміз. Менің ойымша, ЕАЭО пен "Жібек жолы экономикалық белдеуінің" түйісу перспективасын ескерсек, бұл бағыттағы жұмыс екі жаққа да тиімді болады", - деп атап өтті министр.
Бұдан бөлек, Қазақстанға инновация, цифрландыру және жоғары технология салаларындағы жобалар қызықты.
"Сөзсіз, Қазақстан Татарстанның басым серіктестерінің бірі. Татарстанның өнеркәсібі жыл сайын жаңаша серпінді дамып келеді. Сондықтан республика Ресейдің экономикалық тұрақты әрі гүлденген өңірлерінің біріне айналуда. Машина жасау мен авиациялық өнеркәсіптен бөлек Қазақстанмен бірлесе атқаратын бірқатар бағыттар бар", - деді Татарстан Республикасының өнеркәсіп және сауда министрі Альберт Каримов.
Айта кетсек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Татарстан арасындағы тауар айналым 1,7 есеге өсіп, 702,9 млн АҚШ долларын құрады (2016 ж – 425,3 млн АҚШ долл). Мұнай-химия, машина жасау, телекоммуникация, жеңіл және қорғаныс өнеркәсібі жобалары сәтті жүзеге асуда.
Ал биылғы жылдың І тоқсанында сыртқы сауда айналым 201,7 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2017 жылдың І тоқсанындағы деңгейден 163,7%-ға артық. 175,8 млн АҚШ долларының тауары экспортталды, бұл 2017 жылдың 1 тоқсанындағы көрсеткіштен 149,4%-ға артық. Импорт 25,8 млн АҚШ долларын құрап, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7 есеге артқан.