Олжас Бектенов "Татнефть" бас директоры Наиль Магановпен мұнай-газ секторында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов "Татнефть" ЖАҚ бас директоры Наил Магановпен кездесу өткізді. Атырау облысында бутадиен және синтетикалық каучук өндіру бойынша ірі инвестициялық жобаны іске асыру барысын қоса алғанда, мұнай-газ химиясы саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жоспарлар талқыланды.
"Татнефть" ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов жобаның қазіргі жағдайы туралы хабарлады. Бүгінгі таңда мердігер – қытайлық China Tianchen Engineering Corporation инжинирингтік компаниясымен белсенді жұмыс жүргізілуде. Резеңке-техникалық өнеркәсіпте және шиналар өндірісінде пайдалану үшін 60 мың тонна дивинилстирол синтетикалық каучук (ДССК), жол жабындары мен пластмассаларға қажетті 40 мың тонна стирол-бутадиен-стирол каучук (СБС) және жыл сайын жоғары октанды бензин ретінде 40 мың тонна метил-трет-бутил эфирін шығару жоспарланған. Инвестициялық кезеңнің іске қосылуы осы жылдың 1 шілдесінде күтіліп отыр.
Кездесу барысында "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылатын "Қаратон Подсолевой" учаскесінде геологиялық барлау жұмыстары талқыланды. Қазіргі уақытта 5,5 мың метрге терең барлау ұңғымасын бұрғылау жүріп жатыр.
Сондай-ақ терефтал қышқылы (ТФҚ) және полиэтилентерефталат (ПЭТФ) өндіру жобасына назар аударылды.
Премьер-министр ҚР Үкіметі бірлескен жоспарларды іске асыруда және өзара тиімді ынтымақтастық үшін шешімдер іздеуде сындарлы диалогқа ашық екенін айтты. Қазақстанның отандық өнеркәсіпке "Татнефть" технологиялары мен сараптамасын енгізуге мүдделілігі атап өтілді.