Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2026 жылғы маусым–тамыз айларында "Бахри-Точик" су қоймасының жұмыс режимін келісу мәселесіне арналған Қазақстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы су шаруашылығы және энергетика ведомстволары мен ұйымдарының отырысына қатысты.
Кездесу барысында тараптар алдағы вегетация кезеңіне арналған "Бахри-Точик" су қоймасының жұмыс режимі бойынша ұсыныстарын таныстырды. Бұл кезеңде Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандары диқандарының қажеттілігі үшін мемлекетаралық "Достық" каналы арқылы су беру жоспарланып отыр.
Жиынға қатысушылар қаралған мәселелер бойынша пікір алмасып, бірлескен хаттама жобасының жекелеген параметрлері бойынша консультацияларды жалғастыруға келісті.
"Біздің бірлескен жұмысымыз жылдан жылға трансшекаралық су ресурстарын әділ бөлуге мүмкіндік беріп келеді. Қазақстан Сырдария өзені бассейніндегі тұрақты су шаруашылығы жағдайын қамтамасыз ету бағытындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растайды. Біз үшін қабылданатын шешімдердің барлық тараптың мүддесін ескеруі аса маңызды", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.