2021 жылғы 15 наурызда Душанбе қаласында Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Қ.Қ. Төребаев және Тәжікстанның Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары А.С. Абдурахмонзода екі ел арасында тауар айналымын және жеткізілетін тауарлар номенклатурасын ұлғайту жөніндегі жұмыс тобының 3-отырысын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі жақты саудаға қосымша серпін беру үшін пандемия басталғаннан кейін бір жыл өткен соң Алматы мен Душанбе арасында аптасына 2 рет жиілікпен әуе қатынасы қайта жанданды.
Іс-шара шеңберінде Тараптар Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйін, тауар айналымы көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды, 2019 жылғы 9 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылған екі ел арасындағы тауар айналымын және жеткізілетін тауарлар номенклатурасын өзара ұлғайту жөніндегі Жол картасының іске асырылу барысын талқылады.
Қазақстан тарапы Тәжікстанға 82,7 АҚШ доллары сомасына экспортты ұлғайту есебінен өзара сауданы 10%-дан астам ұлғайту әлеуеті бар екенін атап өтті.
Елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзектілігін ескере отырып, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев екі елдің Мемлекетаралық тауар өткізу жүйесін құруды ұсынды.
"Ұлттық сауда-тарату желісі" ЖШС Тәжікстан Республикасының аумағында сауда-логистикалық орталықтар құру бойынша пайымын таныстырды.
Отырыс қорытындысы бойынша қолданыстағы Жол картаны өзектендіруге және тауар айналымын ұлғайту жөніндегі 2022-23 жылдарға арналған Жол картасын қабылдауға, онда жаңа пәрменді тетіктерді көздей отырып, бизнес-форумдар, сауда миссиялары, көрме және жәрмеңкелік іс-шаралар және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өзара ілгерілетуге ықпал ететін басқа да іс-шаралар өткізудің табысты тәжірибесін жалғастыруға уағдаластыққа қол жеткізілді.