Қазақстан Тәжікстанға өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсетеді

691

Отар станциясынан Душанбеге дейін жеткізуді Қазақстан тарапы қамтамасыз етеді.  

Қазақстан Тәжікстанға өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсетеді

Екі ел үкіметі арасындағы өтеусіз әскери техникалық көмек көрсету туралы келісімді бекіту туралы заң жобасы қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Бір рет оқ-дәрі беру көзделіп отыр. Жамбыл облысының Отар станциясынан Душанбе қаласына дейін теміржол көлігімен жеткізуді қамтамасыз етіп, осыған кететін шығынды Қазақстан тарапы өзі көтереді", – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев. 

Айта кетейік, "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы" Заң жобасы Парламент Мәжілісінде талқыланды. Депутаттар қаулыны қабылдады. 

Жалпы мұндай келісім 2021 жылғы 17 сәуірде Нұр-Сұлтанда жасалған.

"Тәжікстан тарапы алған мүліктерді пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермейді. Біздің бұл көмегіміз өзіміздің жауынгерлік әзірлігіміз бен қорғаныс қабілетімізге ықпал етпейтінін атап өтуіміз керек. Өйткені бұл көмек – Қазақстан Қарулы күштерін ағымдағы жабдықтау нормативінен тыс көрсетіледі. Тәжікстан-Ауғанстан шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздік бағытында қалыптасқан жағдайға, өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатердің өршуіне байланысты Тәжікстан Қарулы күштерінің оған тойтарыс беруіне және барлық Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді", – дейді Руслан Шпекбаев. 

Оның айтуынша, бұл заң қабалданса, республика бюджетінен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді, теріс әлеуметтік-экономикалық әсері болмайды. 

Мәжіліс комитеттері келісімді оң бағалап, оны ратификациялауды ұсынады. 

"Бұл келісім Ауғанстан бағытындағы геосаяси жағдайға байланысты Тәжікстанның Қарулы күштерін дамытуға жәрдемдесуге бағытталған. Мақсат – бүгінгі күрделі кезеңде сыртқы шекараларда Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау", – дейді депутат Ерлан Сайыров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу