Қазақстан Тәжікстанға жалпы құны 200 млн доллар болатын 85 тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын

170

Мемлекет басшысы өзара сауда-саттықты одан әрі дамытуға екі елдің мол мүмкіндігі бар деп санайды. 

Қазақстан Тәжікстанға жалпы құны 200 млн доллар болатын 85 тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын Фото: akorda.kz

Тәжікстан тарапы да Қазақстанға экспорт көлемін арттыру үшін айтарлықтай ресурсқа ие, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

– Біз жеткізілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту және елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығын тежейтін кедергілерді кезең-кезеңімен жою, көлік-логистика саласындағы серіктестікті арттыру жөнінде келісімге келдік. Экономикалық кооперацияны күшейту үшін екі ел үкіметтеріне 2027 жылға дейін өзара тауар айналымын ұлғайту туралы жол картасын қабылдауды жеделдету жөнінде тапсырма бердік. Келешекте өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін жеткізуге, тіпті одан асыруға мүдделіміз. Тауар айналымын арттыруға агроөнеркәсіп секторы айтарлықтай үлес қоса алады. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша елдеріміздің бірі-біріне ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемі 12 пайызға ұлғайып, бұл бағыттағы сауда айналымы 300 миллион долларға жуықтады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар ұн тарту өнеркәсібін дамыту, өсімдік майын, кондитерлік және мал шаруашылығы өнімдерін шығаратын бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласқан.

Президент қазіргі кезде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру және экономиканың басқа да салаларында бірқатар ауқымды жоба әзірленіп жатқанын айтты.

– Душанбеге сапарымның қарсаңында қазақ-тәжік бизнес форумы өтті. Оның шеңберінде бірқатар коммерциялық келісімшартқа қол қойылды. 1 миллиард доллардан астам сомаға келісімдер жасалды. Осыған байланысты біз Эмомали Шариповичпен бірге қол жеткізілген уағдаластықтарды толық іске асыру туралы тапсырма бердік. IT-секторындағы ынтымақтастық екі мемлекет үшін зор мүмкіндіктерге жол ашады. Еліміз мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және IT-технологияларды дамыту бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын. Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластық аясында тәжік тарапына Электрондық үкімет платформасының цифрлық шешімдерін бердік. Қазіргі кезде KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің ұйымдастыруымен тәжік мамандары еліміздің озық IT-мектептерінде білім алып жатыр. Мұндай тәжірибе алмасу IT-мамандарымыздың біліктілігін арттыруға оң септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу