Былтыр екі компания қаржылық тәуекелдіктің "қызыл" аймағынан шығарылған. Дәлірек айтсақ, "ҚазМұнайГаз" бен "Самұрық-Энерго" компаниялары өз жағдайларын айтарлықтай жақсартқан. Бұл туралы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов мәлімдеді, деп хабарлайды abctv.kz.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың басында "үш компания "қызыл" аймақта болған еді. Қазір тек "Қазақстан темір жолы" ғана қауіпті аймақта қалып отыр.
"Самұрық-Қазына"-ның экономика және қаржы жөніндегі тең-басқарушы директоры Ернар Жанәділдің сөзінше, биыл қордың алдында "Қазақстан темір жолы" компаниясын қауіпті аймақтан алып шығу міндеті тұр. Ең алдымен компанияның шетелдік валютадағы қарыздарынан құтылуына басымдық беріледі. Ал 2020 жылы компания акциялары ІРО-ға шығарылады деп жоспарлануда.
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының тұрақты валютадағы қарызы бар. Сондықтан біз шетелдік валютадағы қарыздарды теңгемен қайта қаржыландыруға тырысамыз. Мәселен, "Қазақстан темір жолының" негізгі табысы теңгеге тиесілі. Ал табыстағы доллардың үлесі – 30 пайыз. Сонымен қатар, артық қаражатты, үнемделген ақшаны қарыздарды өтеуге жұмсайтын боламыз", – дейді Ернар Жанәділ.