"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы мен СRRC арасында құны 1,3 миллиард доллар болатын ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылатыны жайында баяндалды, деп жазады inbusiness.kz.
Аталған құжат бойынша 200 маневрлік және магистральдық тепловоздар сатып алу, сондай-ақ Қазақстанда инжиниринг және сервистік қызмет көрсету орталықтарын ашу қарастырылған.
Жиырма жылда Қазақстан барлығы 300-ге жуық жолаушылар вагоны мен локомотивтерді, сондай-ақ 6 мың жүк вагонын сатып алған.
– 20 жыл бойы Сіздің корпорацияңыз елімізбен табысты ынтымақтастықта жұмыс істегені қуантады. Осы жылдар ішінде Қазақстан компаниядан 300-ге жуық жолаушылар вагоны мен локомотивтерді, сондай-ақ 6 мың жүк вагонын сатып алды. Қазақстанда компанияның өнімдері сапалы екенін көрсетті. Біздің серіктестігімізді жаңа деңгейге көтеруге барлық мүмкіндік бар екеніне сенімдімін, – деп келтіреді Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін Ақорда баспасөз қызметі.
Өз кезегінде Сунь Юнцай Қазақстанның CRRC компаниясына көрсетіп жатқан қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Оның пікірінше, кәсіпорын Қазақстан нарығында қызмет еткен 20 жыл ішінде өзара тиімді ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілген.
CRRC Corporation Limited корпорациясы әлемдегі теміржол транспортының ең ірі өндірушісі саналады және әлемдік локомотив өндірісі нарығының шамамен 50 пайызы Қытай компаниясына тиесілі.