Сайлаушылардың бірауыздан қабылдаған шешімімен Диас Досқараев федерацияның вице-президенті қызметіне сайланды.
Араға 3 жыл салып федерациядағы қызметіне қайта оралған Диас Досқараев бұған дейін Дэвис кубогы мен Билли Джин Кинг кубогында ұлттық құрама команданың капитаны болған. Яғни алты жыл бойы ұлттық құрама капитаны болды, 2016-2020 жылдары федерацияның вице-президенті қызметін атқарды. 2020 жылы оқуына байланысты бұл қызметінен кеткен еді.
Ал Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, федерацияның экс-вице-президенті Юрий Польский Азия теннис федерациясындағы қызметін жалғастыра бермек. Ол халықаралық ұйымда вице-президент қызметін атқарады. Сондай-ақ Қазақстан теннис федерациясы президентінің стратегиялық мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі болады.