Астанада ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясының XVIII жыл сайынғы отырысы өтіп жатыр. Іс-шараға ТРАСЕКА Негізгі көпжақты келісіміне қатысушы мемлекеттердің делегациялары, Тұрақты хатшылық өкілдері, бақылаушы елдер мен халықаралық ұйымдар қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында халықаралық көлік дәліздерін дамыту, өңір елдерінің транзиттік әлеуетін күшейту, тасымалдарды цифрландыру және ТРАСЕКА кеңістігіндегі ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.
Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев халықаралық көлік инфрақұрылымын жаңғырту және тасымал тиімділігін арттыру маңызды бағыттардың бірі екенін айтты.
"Қазақстан Республикасы ТРАСЕКА кеңістігінде тұрақты, қауіпсіз және бәсекеге қабілетті көлік бағыттарын дамытуға алдағы уақытта да белсенді түрде ықпал етуді жалғастырады", – деді министр.
Отырыс барысында транзиттік-көліктік өзара іс-қимылды жетілдіру, халықаралық логистикалық тізбектерді дамыту және бірқатар құжаттарға қол қою мәселелері де талқыланды. Сонымен қатар ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясы Тұрақты хатшылығының Бас хатшысын сайлау қарастырылды.
Іс-шара аясында Иран Ислам Республикасы ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясындағы төрағалықты ресми түрде Қазақстанға тапсырды.
ТРАСЕКА – Еуропа, Кавказ және Азия елдерін байланыстыратын халықаралық көлік дәлізі. Қазіргі таңда ұйым құрамына 14 мемлекет кіреді.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның төрағалықты қабылдауы өңірдегі транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтіп, Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын нығайтуға серпін береді.