Қазақстандықтарға мамыр айында 1,2 млн бірлік қарыз берілді, деп жазады inbusiness.kz Бірінші кредиттік бюроның Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Бұл елдің экономикалық белсенді халқының ішінде 8 адамға шаққанда 1 қарыз деген сөз.
Ақпаратқа сәйкес, микронесиелерге келсек, мамыр айында берілген несиенің орташа мөлшері 60,9 мың теңгені, медианалық деңгейі 49,5 мың теңгені құрады.
"Жыл басынан бері көрсеткіштер тиісінше 8,8% және 17,9%-ға артты. Бес айдағы инфляция – 4,8%. Яғни, шағын несиелер жағдайында келісімшарттар бойынша сомалардың өсу қарқыны инфляция қарқынынан әлдеқайда жылдам өсіп жатыр", - делінген хабарламада.
Мамыр айында халыққа берілген несиелер көлемі шамамен 1,2 трлн теңгені құрап, шамамен 2,4 млн адам қарыз алған.
"Ең танымал өнім – кепілсіз тұтынушылық несие. Мамыр айында оны жалпы сомасы 752 млрд теңгеге 2 млн адам ресімдеді. Яғни, мамыр айындағы 6 қарыз алушының бесеуі кепілсіз тұтынушылық несие алған", - деп хабарлады Бірінші кредиттік бюро.
Бұдан бөлек өткен айда барлық қарыз алушының жартысы (990 мыңға жуық адам) 136 мың теңгеден аспайтын сомамен шектелген. Екіншіден, алынған кредиттердің ең көп сомасы бар қарыз алушылардың 10%-ы жалпы көлемнің 56%-ын қамтамасыз етті. Бұл мамыр айында жоқ дегенде 856 мың теңге несие алған 198 мың адам деген сөз, деп жалғастырды портал.
"Жалпы жеке тұлғалардың портфелі 2023 жылғы 1 маусымда 16,7 трлн теңгені құрады. Бұл заңды тұлғаларға қарағанда аз (22,3 трлн тг.). Бизнеске (жеке кәсіпкерлер де бар) берілген несие халыққа берілгенге қарағанда әлдеқайда жоғары. Мамыр айында бұл шамамен 1,3 трлн теңгені құрады", - деп жазылған хабарламада.