Қазақстан, Түркия және Әзербайжан судьяларды бірлесе даярлайды

190

Қазақстан, Түркия және Әзербайжан судьяларды даярлау және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтпақ.   

Қазақстан, Түркия және Әзербайжан судьяларды бірлесе даярлайды Фото: ҚР Жоғары Сот Кеңесі

Жоғары Сот Кеңесінде үш мемлекеттің судьялар мен прокурорларды даярлайтын арнайы оқу орындарының өкілдері кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кездесуге қатысушылар серіктестікті дамытуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен білім беру жобаларын іске асыруға қызығушылықтарын танытты. Жиында Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы мен Әзербайжан Республикасы Бас прокуратурасының ғылыми-оқу орталығы арасында сот төрелігі және кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

"Мұндай екіжақты келісімдер сот төрелігі академияларының арасындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтеді. Сондай-ақ қазақстандық сот кадрларын дайындаудың тиімділігін арттырады", - деген пікірде ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының вице-ректоры Қанат Мусин.

Әзірбайжан Республикасы Бас прокуратурасының ғылыми-оқу орталығының бастығы Талыб Мамедгусейн Оғлы Джафаров қол қойылған құжат екіжақты тиімді бастамаларды одан әрі іске асыру үшін берік негіз болатынын атап өтті.

"Мен Түрік Әділет академиясының атынан келіп отырмын. Бізді жылы қабылдады және арамызда өзара пікір алмасу өтті. Біз құқықтық байланыстар мен ынтымақтастықты одан әрі нығайту және дамыту қажеттілігі туралы ортақ пікірге келдік", - дейді Түркия Республикасы Сот төрелігі академиясының президенті Бекир Алтун.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу